Оқиғалар

Stay tuned for upcoming university events and activities.

Жаңа буын университеті: Coventry University Kazakhstan Астанада не құрып жатыр?

  • 21 қыркүйек, 2026
  • Астана, Қазақстан

Астанада Coventry University Kazakhstan жаңа кампусының құрылысы басталды. Аумағы 35 мың шаршы метрден асатын жаңа кампуста білім беру, зерттеу, озық технологиялар мен кәсіпкерлікті біріктіретін заманауи экожүйе құрылады. Бұл туралы университет хабарлады.

Университеттің мәліметінше, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа кампус Орталық Азиядағы ең ірі британдық университет кампусына айналады.

«Астанадағы жаңа кампусымыздың құрылысының басталуына орай уақыт капсуласын салдық. Бұл - университеттің ұзақмерзімді дамуы жолындағы маңызды қадам және Primus Capital компаниясының Қазақстанда сапалы британдық білім беруді дамыту стратегиясына сәйкес келеді», - деді Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дауленов.

Білім беруден зерттеу мен технологияларға дейін

Университет өкілдерінің айтуынша, жаңа кампус университеттік ортаны қалыптастырудың келесі кезеңі болмақ. Оның тұжырымдамасы білім беру ұғымының өзі өзгеріп жатқан жағдайға негізделіп әзірленген.

Кампус жаңа буын мамандарын даярлауға, қолданбалы зерттеулер жүргізуге және бизнес өкілдерімен бірлесіп технологиялық шешімдер әзірлеуге бағытталады. Студенттер оқу барысында компаниялардың нақты міндеттерімен жұмыс істеп, инновациялық жобалар әзірлеуге мүмкіндік алады.

Жасанды интеллектке және оны экономиканың түрлі салаларында қолдануға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар университеттің түсіндіруінше, технология жеке мамандану бағыты ретінде емес, өндіріс пен өнеркәсіпке, қаржыға, бизнеске, дизайнға және басқа да салаларға барған сайын еніп келе жатқан құрал ретінде қарастырылады.

Студенттер Ұлыбританияда мол кәсіби тәжірибесі бар халықаралық оқытушылардың қатысуымен жүзеге асырылатын Coventry University білім беру бағдарламалары бойынша білім алады.

Алғашқы кампустан дамып келе жатқан кампустар желісіне дейін

Университеттің мәліметінше, Coventry University Kazakhstan Астанада 2024 жылдан бері жұмыс істеп келеді және елордадағы британдық университеттің алғашқы лицензияланған кампусы болды. Бүгінде кампуста 850-ден астам студент білім алып, 40-тан астам халықаралық оқытушы қызмет атқарады.

2026 жылдың қыркүйегінде Алматыда екінші кампус ашылып, білім беру бағдарламаларының портфолиосы перспективалы инженерия, өнер және дизайн салаларындағы жаңа бағыттармен толықты. Осылайша, Coventry University Group бір елде екі кампус ашқан алғашқы британдық университет атанды, деп атап өтті университет.

«Астанадағы жаңа кампус жаһандық білім беру тобына айналу жолындағы тағы бір қадам. Жаңа кампустың студенттері әлемнің басқа елдерінде Coventry University бағдарламалары бойынша білім алып жатқан 30 мың студентпен қатар, заманауи ең жоғары стандарттарға сай ортада білім алатын болады», — деді Coventry University Group вице-канцлері және бас директоры, профессор Джон Лэтэм, Британ империясы орденінің қолбасшысы (CBE).

Coventry University атап өткендей, Астана мен Алматыдағы кампустардың дамуы университеттің Қазақстандағы кең ауқымды стратегиясын көрсетеді. Бұл - сапалы британдық білім беруден білім беру үдерісі зерттеулермен, технологиялармен және экономиканың қажеттіліктерімен тікелей байланысты болатын орта қалыптастыруға дейінгі даму бағыты.

https://clck.su/tengrinews-kz