Алматыда британдық Coventry университетінің жаңа кампусы ашылады
Coventry University (Ұлыбритания) мен Coventry University Kazakhstan (Қазақстан) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум 2026 жылғы 25 ақпанда, Лондон қаласында, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Орталық Азия елдерінің басқа да жоғары лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ, Ұлыбритания іскерлік қауымдастығының қатысуымен және Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен бизнес-таңғы ас барысында бекітілді.
Британдық Coventry университетінің кампусын 2026 жылғы қыркүйекте, Алматы қаласында ашу жоспарлануда.
Кампус Ұлыбританиядағы Coventry University оқу орнының академиялық стандарттары мен зерттеу тәсілдері бойынша жұмыс істейді. Университет мықты инженерлік мектебімен, заманауи зерттеу инфрақұрылымымен және жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерімен танымал.
Алматыдағы Coventry University Орталық Азиядағы алдыңғы қатарлы британдық инженерлік университетке айналмақ. Оқу бағдарламалары әлемдік академиялық стандарттарды, жасанды интеллект технологиялары мен инженерлік пәндерді қамтиды, ал оқытушылар құрамы өндірістік тәжірибесі мол білікті мамандардан жасақталады.

Бакалавриат бағдарламасы аясында «Сәулеттік технологиялар», «Құрылыс жобаларын басқару» және «Компьютерлік жүйелер инженериясы» мамандықтары бойынша білім беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, магистратура деңгейінде «Электромобильдер инженериясы» мен «Басқару жүйелері, робототехника және зияткерлік автоматтандыру» бағдарламаларын іске қосу көзделуде.
Coventry University оқу орнының Астана және Алматы қалаларындағы кампустарын кеңейту шарасы Coventry University Group пен Астанадағы Ardingly College жетекші британ тәуелсіз мектебінің филиалымен қоса, Қазақстанда халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асырып жатқан Primus Education компаниясының серіктестігі негізінде іске асырылуда.
Бүгінгі таңда, Мемлекет басшысының жаңа технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде, Қазақстанға заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын әрі инновацияларды енгізуге қабілетті инженер мамандар қажет. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеге, қолданбалы білім мен озық ноу-хауға басымдық бере отырып, оларды жаңа деңгейде даярлаған жөн. Алматы қаласында Coventry University кампусының ашылуы осы бағыттағы маңызды қадамға айналмақ. Ол кадрлық әлеуетті нығайтуға және елдің технологиялық дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Coventry University Kazakhstan перзиденті Мирас Дәуленов келісімге қол қою барысында.
Алматыдағы Coventry University Kazakhstan оқу орны Қазақстан аумағындағы Coventry University Group құрамына кіретін екінші кампус ретінде қызмет көрсетеді. Бұған дейін, 2024 жылы, Астанада Coventry университетінің тұңғыш кампусы іске қосылған. Бүгінде онда Қазақстанның түрлі қалаларынан 400-ден астам студент «Бизнес», «Компьютерлік ғылымдар», «Халықаралық қатынастар», «Экономика және қаржы» бағыттары мен MBA Global Business (Executive) магистрлік бағдарламасы бойынша білім алуда.
Астанадағы университет еліміздің білім саласында және студенттік өмірінде елеулі орны бар беделді оқу орнына айналды: Enactus командасы Enactus Kazakhstan National Expo 2025 байқауында 3-орынды иеленсе, ал кампустағы белсенді өмірді өнер, спорт және кәсіпкерлік бағыттарында жұмыс істейтін 23 студенттік клуб қамтамасыз етеді.
Анықтама: Coventry University 1843 жылы құрылған. Бүгінде университет Ұлыбританиядажәне Еуропа мен Азияда мамандар даярлау сапасы бойынша жоғары бағаланады. Білім сапасыҰлыбритания Үкіметінің «Алтын сапа белгісімен» расталған. Бұл беделді марапатқа 130 британ университетінің шамамен 40-қа жуығы ғана ие. Университет THE World University Rankings рейтингісіне сәйкес, «халықаралық бағдар» көрсеткіші бойынша әлемдегі үздік 100 университеттің қатарына кіреді, сондай-ақ, шетелдік студенттер саны бойынша Ұлыбританияда үшінші орынды алады.