Coventry University Kazakhstan Astana Hub-пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
2026 жылғы 10 маусымда Астанада Astana Hub пен Coventry University Kazakhstan арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё және Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов қол қойды.
Меморандум Қазақстандағы жетекші халықаралық университеттердің бірі мен елдегі ірі цифрлық технологиялық хаб арасындағы ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық негізін қалыптастырады. Серіктестік жоғары білім, инновациялық экожүйе және индустрия арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ Coventry University Kazakhstan студенттері үшін Астана мен Алматыда жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
Ынтымақтастық аясында студенттер Astana Hub экожүйесіне іс жүзінде қатысу мүмкіндігіне ие болады. Атап айтқанда, олар тағылымдамадан өтіп, инновациялық жобаларға, индустриялық бастамаларға, сондай-ақ Astana Innovations Accelerator және Silkway Accelerator сияқты акселерациялық бағдарламаларға қатыса алады. Сонымен қатар серіктестік қонақ дәрістерін, сараптамалық сессияларды, кәсіби даму іс-шараларын және кәсіпкерлік, жасанды интеллект, цифрлық трансформация мен технологиялық инновациялар салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыруды көздейді.
«Бұл меморандумға қол қою - студенттеріміз үшін практикалық оқыту мүмкіндіктерін кеңейтудегі және Coventry University Kazakhstan-ның халықаралық білім беру мен Қазақстанның инновациялық экожүйесі арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі рөлін нығайтудағы маңызды қадам. Astana Hub-пен серіктестік арқылы Астана мен Алматыдағы студенттер нақты индустриялық жобалармен жұмыс істеп, болашақта сұранысқа ие дағдыларды дамыта алады және қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологиялар секторымен тікелей өзара іс-қимыл тәжірибесін алады. Бұл ынтымақтастық жас таланттар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға үлес қосуына жол ашады деп сенеміз», -деді Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.
«Astana Hub үшін жетекші университеттермен серіктестікті дамыту -тұрақты цифрлық технологиялар экожүйесін қалыптастыру миссиямыздың маңызды бөлігі. Біз өз рөлімізді білім беру мен индустрия арасындағы байланысты нығайтуда, студенттер мен жас мамандардың нақты технологиялық міндеттерге, халықаралық сараптамаға және практикалық тәжірибеге қол жеткізуіне жағдай жасауда көреміз. Coventry University Kazakhstan-мен ынтымақтастық осы бағыттағы жұмысымызды күшейтіп, жаһандық технологиялық ортада жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлау мүмкіндіктерін кеңейтеді», - деді Astana Hub басқарушы директоры Валерия Тё.
Бұл серіктестік тараптардың индустрия талаптарына сай түлектерді даярлауға, инновацияға бағытталған білім беруді қолдауға және академиялық институттар мен Қазақстанның технологиялық секторы арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге деген ортақ ұмтылысын көрсетеді.
Анықтама: Coventry University 1843 жылы құрылған. Бүгінде университет Ұлыбританияда және Еуропа мен Азияда мамандар даярлау сапасы бойынша жоғары бағаланады. Білім сапасы Ұлыбритания Үкіметінің «Алтын сапа белгісімен» расталған. Бұл беделді марапатқа 130 британ университетінің шамамен 40-қа жуығы ғана ие. Университет THE World University Rankings рейтингісіне сәйкес, «халықаралық бағдар» көрсеткіші бойынша әлемдегі үздік 100 университеттің қатарына кіреді, сондай-ақ, шетелдік студенттер саны бойынша Ұлыбританияда үшінші орынды алады.