Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертуде: Алматыда бизнес көшбасшылары не талқылады
Ірі компаниялардың басшылары мен иелері Қазақстандағы бизнеске жасанды интеллекттің ықпалы және болашақ мамандарды даярлау мәселелерін талқылады. Кездесу Coventry University Kazakhstan университетінің Алматыдағы жаңа кампусында өтті. Бұл туралы университет хабарлады.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, жасанды интеллекттің әсері іс жүзінде қазірдің өзінде байқалып отыр. Air Astana компаниясының бас директоры Ибрахим Жанлыел күнделікті қайталанатын міндеттер біртіндеп жасанды интеллектке берілетінін атап өтті. Алайда оның пікірінше, бұл авиакомпаниялардың қызметкерлерді аз жалдауына әкелмейді.
«Өткен жылы енгізген жүйеміз отын тиімділігін арттыру арқылы жылына шамамен 15 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, біз қызметкерлерді аз жалдаймыз деп ойламаймын. Керісінше, олардың әлеуетін тиімдірек пайдаланамыз», – деді ол.
Сонымен қатар, пікірталасқа қатысушылар жасанды интеллектті енгізудің тағы бір маңызды аспектісіне – жас мамандарға қойылатын талаптардың өзгеруіне назар аударды. Lucent Petroleum компаниясының барлау жөніндегі директоры Дункан Макдугаллдың айтуынша, жас мамандар бұрын тәжірибе жинақтап, кәсіби дағдыларын дамытатын көптеген міндеттер жасанды интеллекттің әсерінен іс жүзінде жойылып барады. Ол университеттерді іргелі білім беруге басымдық беруге шақырды, себебі түпкілікті шешімдерді жасанды интеллект емес, адамдар қабылдайды.
Centras Group компаниясының негізін қалаушы Ельдар Абдразаков жасанды интеллекттің қарқынды дамуына қатысты неғұрлым сақ көзқарас білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін AI-агенттер мен алгоритмдерді бірнеше ғана компания пайдаланады. Бұл, ең алдымен, бизнес-процестердің жеткілікті деңгейде жетілмеуіне, сондай-ақ компаниялардағы ERP жүйелері мен ішкі модельдердің дайындық деңгейіне байланысты.
Жасанды интеллект адамның бақылауындағы құрал ретінде қалуы тиіс деген пікірді «Сарыарқа» әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Оспанов та қолдады.
«Адам интеллектісі иррационалды, бұл оның жасанды интеллекттен негізгі айырмашылығы. Сондықтан мен үшін жасанды интеллект ең алдымен құрал болып қала береді», – деп атап өтті кәсіпкер.
Осы жағдайларда білім берудің рөлі де өзгеруде: ол адамды үздіксіз технологиялық өзгерістерге дайындауы қажет. Coventry University Group вице-канцлері, профессор Джон Лэтэмнің пікірінше, қазіргі білім берудің басты міндеті – жастарды өмір бойы білім алуға және өзгерістерге ашық болуға үйрету. Ол жасанды интеллектті енгізуді Қазақстанның экономикалық дамуында сапалы серпіліс жасауға мүмкіндік беретін фактор ретінде қарастырады.
Coventry University Kazakhstan университетінде бұл тәсілді барлық білім беру бағыттарына енгізу жоспарлануда.
«Жасанды интеллект – қауіп емес, жаңа экономикалық күн тәртібінің өзегі. Ұлыбританиядағы жетекші технологиялық университеттердің бірі ретінде – ал болашақта Қазақстандағы жетекші университеттердің бірі болатынымызға сенімдіміз – біз тек болашақ IT мамандарына ғана емес, барлық білім беру бағыттарымыз бойынша студенттерге жасанды интеллектпен жұмыс істеуді үйретуге міндеттіміз», – деді Coventry University Kazakhstan президенті, PhD докторы Мирас Дауленов.
Университеттің Алматыдағы кампусында бизнес, компьютерлік ғылымдар, инженерия, өнер және дизайн, халықаралық қатынастар бағыттары бойынша бакалавриат бағдарламалары, сондай-ақ MBA Global Business (Executive) және Global Finance бағдарламалары ұсынылады. Университеттің алғашқы кампусы 2024 жылы Астанада ашылды. Қазіргі таңда онда 850-ден астам студент білім алуда.