Coventry University Kazakhstan мен Қазақ-Америка Университеті бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Осы орайда, аталған оқу орындары Астанада ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Құжаттарға қол қою рәсімі Астанадағы Coventry University Kazakhstan кампусында өтті. Жоғары оқу орны өкілдері, яғни, Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов пен Қазақ-Америка Университетінің (KAU) президенті Асылбек Исахов болашақтағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Университеттер бірлескен дәрістер, семинарлар мен шеберлік сабақтарын, ғылыми-зерттеу жобаларын, конференциялар, дөңгелек үстелдер, білім беру, спорттық және студенттік іс-шараларды, сондай-ақ, магистратура мен докторантура бағытындағы бағдарламаларды өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ынтымақтастық аясында ғылыми жарияланымдармен, оқу материалдарымен және кітапханалық ресурстармен алмасу шаралары да қарастырылған.
Coventry University Kazakhstan мен Қазақ-Америка Университеті гранттық өтінімдерді дайындау және ұсыну, академиялық сапарлар ұйымдастыру, сондай-ақ, оқытушылар мен қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуына бағытталған жұмыстарды жүзеге асыруға дайын.
«Бүгін біз Халықаралық білім беру корпорациясымен (KAU) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Coventry University Kazakhstan-мен серіктестікті дамытуға қызығушылық танытқаны үшін, аталған оқу орнына үлкен алғысымызды білдіреміз. Университетіміздің негізгі басымдықтарының бірі — Қазақстанның дарынды жастарына сапалы британдық білім беру, сондай-ақ, шетелге шықпай-ақ, өз елінде халықаралық деңгейде мойындалған білім алуға мүмкіндік жасау. Біз оқу сапасын арттыру мақсатында қазақстандық университеттермен тәжірибе алмасып, халықаралық тәсілдермен бөлісуге дайынбыз. Халықаралық білім беру корпорациясымен ынтымақтастық орнатқанымызға ризамыз және соның нәтижесінде, үлкен жетістіктерге жететінімізге сенеміз»,-деп атап өтті Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов.
Сондай-ақ, ол Coventry University Kazakhstan оқу орнының ұлттық және халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткіштерге ие екенін және Ұлыбритания Үкіметі тағайындайтын оқыту сапасының ең жоғары бағасы- Teaching Excellence Framework (TEF) бойынша Gold мәртебесін алғанын мәлімдеді. Бұл университеттің жоғары академиялық стандарттары мен студенттерге бағытталған саясатын айқын дәлелдейді.
Қазақ-Америка университетінің (KAU) президенті Асылбек Исахов Coventry University Kazakhstan студенттерінің елеулі жетістіктерін және Астанадағы университет кампусының даму деңгейін атап өтіп, ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың әлеуеті мен маңыздылығын растады. Аталған серіктестік білім алу және ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында грантқа өтінімдер беру, ортақ бағдарламаларды ұйымдастыру шараларын, сондай-ақ, Астанадағы Coventry University кампусы мен KAU оқу орының бакалавриат, магистратура және Executive MBA бағдарламаларын қамтиды.
«Бұл ынтымақтастық үлкен нәтижелерге жеткізеді деп сенемін және оны министрлік те қолдап отыр. Университетімізді бітіріп, бакалавр дәрежесін алған студенттеріміз сіздердің бағдарламаларыңызға түсе алады, дәл сондай мүмкіндік сіздердің студенттеріңізге де беріледі. Сондай-ақ, біз барша жастар үшін магистрлік бағдарламалар қатарын кеңейтуді де жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, серіктес университеттеріміз тарапынан қосымша мүмкіндік түрлері де ұсынылады. Біз өршіл мақсаттарымызды жүзеге асыру үшін, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деп атап өтті Асылбек Исахов.